Журналист Динара Егеубаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Журналист Динара Егеубаева жол-көлік оқиғасынан кейін өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Ол Facebook желісінде өзіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі (абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазды. Бұл ретте, Егеубаева бұрын хабарлағандай, оның көлігіне қарсы жолақпен келе жатқан велосипедші соғылған.

«Мен болжағандай, 345-баптың 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арызды велосипедші берді. Үш күн ішінде әкімшілік іс қылмыстық іске айналды», — деп жазды Егеубаева.

Ол тергеушінің өзінен жария етпеу туралы қолхат талап еткенін, бірақ өзі бас тартқанын айтты. Сондай-ақ оған елден шығуға тыйым салынды. Журналист бұл істі тапсырыспен жасалған деп санайды:

«Мен әрбір жазбамның астына көлігіме ашық шабуыл жасалған видеоны жариялаймын, бұл жағдайдың абсурд екенін бәрі түсінуі үшін. Енді мен бұл тапсырыс болғанына жүз пайыз сенімдімін».

Төрт күн бұрын журналист пост жариялап, онда Қожакеев көшесіне (Хан Тәңірі шағынауданы – В.) шығып бара жатқанда, ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, оған велосипедші соғылғанын хабарлаған.

«Ол менің көлігімді жақсы көрді, өйткені қарсы жолмен келе жатқан. Менен айырмашылығы, менің көру аймағым тұраққа қойылған көліктермен жабық болды. Және қарсы жолмен біреудің келе жатқаны менің ойыма да келмеді. Ол жерде жаяу жүргіншілер жолы да, бағдаршам да, велосипед жолы да жоқ», — деп жазды Егеубаева.

Ол жол қозғалысы қағидаларының барлығын сақтағанын, ал велосипедші тіпті жылдамдығын азайтпағанын және оны есту үшін ешқандай дыбыстық сигнал бермегенін атап өтті.

«Оның үстіне, видеода оның менің көлігімді көргенде жылдамдығын арттырғанын көремін», — деп атап өтті журналист.

 

Ұқсас ақпараттар