Еуропада орман өрттері мен қатты ыстықтан келген зиян есептелді. Financial Times басылымының хабарлауынша, Франция, Испания, Португалия, Грекия және Румынияда олар кемінде 3,1 млрд еуроға зиян келтірді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Орман өрттері маусымының алғашқы екі айында тек осы бес еуропалық елде жарты миллион гектарға жуық аумақ өртеніп кетті. Өз есептеулерінде FT Еурокомиссия қолданатын әдіске сүйенеді. Олар өртенген аумақтарды бұрынғы қалпына келтіруге жұмсалған шығындарды көрсетеді. Алайда, басылым атап өткендей, жиынтық зиян әлдеқайда жоғары болады, өйткені сақтандыру компаниялары, үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар әлі де мүліктің бүлінуі мен егіннің жойылуынан болған залалдарды, сондай-ақ туристік сектордағы шығындарды есептеп жатыр.
Бұдан басқа, FT есептеулерінде Грекиядағы соңғы өрттерден келген зиян толық ескерілмеген және ЕО-ның басқа елдері бойынша деректер қосылмаған. Басылым сондай-ақ Еуропадағы құрғақшылықтан болған экономикалық шығындарға және Рейн мен Дунайдағы су деңгейінің құлдырауына назар аударады, бұл жүк тасымалын бұзып, өндіріс көлемінің қысқаруына әкеледі.

