Журналист Луқпан Ахмедьяровқа дүйсенбі күні Астана әуежайында Қазақстаннан ұшып кетуге рұқсат берілмеді. Оған елордалық полиция басқармасының елден шығуға тыйым салғаны себеп болған. Бұл туралы Ахмедьяров өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
“Астана әуежайында мені Қазақстаннан шығармады. Шекарашы ҚР аумағынан кетуіме тыйым салынғанын айтты. Төлқұжатымды қайтарды. Шығуға тыйым салудың бастамашысы — Астана полиция басқармасы», — деп жазды ол.
Бұған дейін, биыл наурыз айында оны басқа журналист Рауль Упоровпен және оператор Еркебұлан Ғауповпен бірге Қазақстанға келгенде Астана әуежайында ұстаған болатын. Ол кезде шекара қызметінің қызметкері бұл жағдайдың «геосаяси ахуалға байланысты» екенін айтып, Украина туралы да сұрақтар қойылған. Ахмедьяровтың әлеуметтік желідегі аккаунттары бірнеше рет бұғатталған, ал 24 шілдеде оның көлігін белгісіз біреу бояумен бояп кеткенін хабарлаған.
Луқпан Ахмедьяров бұрын «Уральская неделя» басылымын басқарған, қазір әріптесі Рауль Упоровпен бірге «Просто журналистика» жобасында жұмыс істейді.


