Венгрия 44 жылда алғаш рет елдегі жалғыз «Пакш» атом электр стансасының жұмысын уақытша тоқтатады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Deutsche Welle басылымының хабарлауынша, бұған станса реакторларды салқындату үшін пайдаланатын Дунайдағы су деңгейінің рекордтық төмендеуі себеп болған. «Пакш» АЭС елдегі барлық электр энергиясы өндірісінің жартысына жуығын қамтамасыз етеді. Электр энергиясы тапшылығы қаупіне байланысты үкімет тұрғындар мен бизнесті электр энергиясын үнемдеуге шақырды.
Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр бұған дейін үкімет дағдарысқа қарсы жоспар дайындағанын хабарлаған болатын. Ол өнеркәсіптік кәсіпорындарда электр энергиясын тұтынуды кезең-кезеңімен шектеуді көздейді. Оның айтуынша, елдің басқа электр стансалары АЭС қуатының төмендеуін өтеу үшін өндірісті уақытша арттырады. 2026 жылы Орталық Еуропа қатты ыстық пен құрғақшылыққа тап болды. Соның салдарынан Дунай айтарлықтай таяз болып, бірқатар өңірде су деңгейі тарихи минимумға дейін төмендеді.
Бұл кеме қатынасындағы іркілістерге және энергетика секторындағы мәселелерге әкеп соқты. Қиындықтар Венгрияда ғана туындаған жоқ. Шілде айының соңында Румыния «Чернаводэ» АЭС бірінші энергоблогын тоқтатып, ұлттық энергожүйеден ажыратты. Сербияда гидрометеорологтар да Дунайдағы су деңгейі бойынша жүзжылдық антирекордтың болуы мүмкін екенін ескертеді. Осыған байланысты ел билігі Воеводина автономды өлкесінің солтүстік бөлігін сумен қамтамасыз ететін насос стансасының жұмысын тоқтатты.

