Ақмола облысында бес жаңартылған теміржол вокзалы ашылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
ҚР Көлік министрлігі Ақмола облысында бес теміржол вокзалының — Ерейментау, Державинская, Өлеңті, Еркіншілік және Жалтыр вокзалдарының реконструкциясы аяқталғанын хабарлады. Ерейментау станциясы вокзалының салтанатты ашылу рәсіміне Көлік министрінің орынбасары Жәнібек Тайжанов қатысты.
Ол өз сөзінде вокзалдарды реконструкциялау Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқанын және көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, ыңғайлы, қауіпсіз және қолжетімді орта құруға бағытталғанын атап өтті. Реконструкциядан кейін Ерейментау станциясы вокзалының алаңы 380-нен 430,57 шаршы метрге дейін ұлғайды. 3-сыныпты вокзал күн сайын орта есеппен 225 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей, Өскемен, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстаумен қатынасты қамтамасыз ететін 18 жолаушы пойызы өтеді.
Ерейментау, Өлеңті және Еркіншілік вокзалдарында ескі ғимараттар толығымен бөлшектеліп, кейіннен жаңа заманауи жолаушылар кешендері салынды. Державинская және Жалтыр вокзалдарында қолданыстағы ғимарат реконструкцияланды. Барлық объектілерде сумен жабдықтау, кәріз, жылумен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылды, ішкі әрлеу жұмыстары орындалды, іргелес аумақтар абаттандырылды, жаңа жиһаз және заманауи технологиялық жабдықтар орнатылды. Құрылыс кезінде отандық өндірістің берік және өртке қауіпсіз материалдары пайдаланылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары қарастырылған.
Теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Өлеңті, Ерейментау, Еркіншілік және Жалтыр вокзалдарында мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған пандустар жабдықталды. 1960 жылы салынған Державинская станциясының теміржол вокзалы реконструкциядан кейін алаңы 225,33 шаршы метр болатын заманауи бір қабатты ғимарат. Станция арқылы Астана, Қостанай және Арқалықпен қатынасты қамтамасыз ететін алты жолаушы пойызы өтеді. 1952 жылы пайдалануға берілген Өлеңті станциясының вокзалы алаңы 211-ден 225,33 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, реконструкцияланды. Станция арқылы елдімекенді Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей, Түркістан және Маңғыстаумен байланыстыратын сегіз жолаушы пойызы өтеді. 1960 жылы салынған Еркіншілік станциясының вокзалы да толығымен жаңартылды. Ғимараттың алаңы 195,8-ден 225,33 шаршы метрге дейін ұлғайды.
Станция арқылы оны Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей, Түркістан және Шымкентпен байланыстыратын он жолаушы пойызы өтеді. Жалтыр вокзалында ғимараттың алаңы 370-тен 442,8 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. 1958 жылы салынған бір қабатты вокзал отандық өндірістің заманауи құрылыс шешімдері мен материалдарын қолдана отырып, толығымен жаңартылды. Реконструкциядан кейін 2-типті вокзал қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толығымен сәйкес келеді. Станция арқылы күн сайын Астана, Арқалық және Атбасармен қатынасты қамтамасыз ететін алты жолаушы пойызы өтеді.

