Украинаның Жоғарғы Радасы премьер-министр Юлия Свириденконың қызметінен кету туралы өтінішін қолдады. Осы шешімнің нәтижесінде елдің Министрлер кабинеті толық құрамымен автоматты түрде отставкаға кетті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Премьер-министрдің отставкасын 258 депутат қолдап дауыс берді.
Парламент отырысында сөз сөйлеген Юлия Свириденко депутаттарға, министрлер кабинетінің мүшелеріне және мемлекеттік органдарға бірлескен жұмысы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ол Украина президентіне көрсеткен сенімі үшін ризашылығын айтып, ел азаматтарына қолдауы мен төзімділігі үшін алғыс жеткізді.
Свириденконың айтуынша, үкіметтің басты мақсаты соғыс жағдайында халыққа қолдау көрсету және мемлекеттің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету болды. Оның сөзінше, министрлер кабинеті энергетика, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларының тұрақты қызметін сақтауға басымдық берген. Сондай-ақ ішкі қоныс аударған азаматтарды әлеуметтік қолдау мен гуманитарлық көмек көрсету мәселелері де негізгі бағыттардың бірі болған.
Премьер-министрмен бірге бірінші вице-премьер әрі энергетика министрі Денис Шмыгаль, сондай-ақ барлық вице-премьерлер мен министрлер де өз өкілеттіктерін тоқтатты.
Жоғарғы Рада төрағасы Руслан Стефанчук Юлия Свириденкоға атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, соңғы бір жылда парламент пен үкімет арасында тиімді ынтымақтастық орнағанын атап өтті.
Украина заңнамасына сәйкес, жаңа үкімет құрамы бекітілгенге дейін Министрлер кабинеті өз міндетін уақытша атқара береді. Үкіметтің жаңа құрамын бекіту мәселесі 16 шілдеде Жоғарғы Радада қаралады. Сол уақытқа дейін премьер-министрдің міндетін Денис Шмыгаль уақытша атқарады.

