Қазақстанның барлық өңірінде Ұлттық домбыра күніне орай ауқымды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бағдарлама аясында түрлі концерттер, фестивальдар, дәулескер күйші және домбырашылар байқаулары, көрмелер, конференциялар, музей және кітапхана жобалары, шығармашылық кездесулер мен ағартушылық іс-шаралар өтеді.
Жалпы ел бойынша 2000-нан астам іс-шара жоспарланған. Оның ішінде 20-сы республикалық, 98-і облыстық деңгейде ұйымдастырылады. Қалған шаралар аудан орталықтары мен ауылдарда, сондай-ақ жергілікті мәдениет мекемелерінде өтеді. Бұл барлық өңір тұрғындарын мерекеге кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар мен көрермендердің жалпы саны 2 миллионнан асады деп күтілуде.
Бұл мереке 2018 жылы президенттің бастамасымен бекітіліп, ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жастардың дәстүрлі мәдениетке қызығушылығын арттыруға бағытталған.


