Германия канцлері Фридрих Мерц Гданьск қаласында өткен конференцияда Ресейді әскери қимылдарды тоқтатып, келіссөздерге көшуге шақырды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Оның айтуынша, Украина қазіргі уақытта бұрынғыдан да мықты позицияға ие болып отыр және бұл жағдайды Мәскеу де түсіне бастаған.
Украина бүгінде жаңа күш позициясында тұр. Мәскеуде мұны түсіне бастады. Біз бүгін Ресейге нақты әрі айқын сигнал жолдап отырмыз, — деді Мерц.
Канцлердің сөзінше, соғысты жалғастырудың орнына дипломатиялық жолды таңдаудың уақыты келді. Ол Кремльді қантөгісті тоқтатып, келіссөз процесін бастауға шақырды.
Сондай-ақ Мерц Еуропа елдерінің Украинаға қолдауы өзгермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Еуропа мемлекеттері Киевке саяси, қаржылық және әскери көмек көрсетуді жалғастырады.
Германия канцлері Ресейдің бұл соғыста мақсатына жете алмайтынын айтып, халықаралық қауымдастықтың Украинаға қолдауы сақталатынын жеткізді.


