Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны демаркациялауды әлі де жалғастыруда

Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны демаркациялаудың кезекті кезеңін аяқтады. Нәтижесінде бұрын Өзбекстанға тиесілі болған екі шекаралық ауыл Баткен облысының құрамына өтті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Ел президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзовтің мәліметінше, Бішкектің юрисдикциясына бұрын Өзбекстанның Ферғана облысына қараған Чонгара және Таш-Тобо ауылдары өтті. Бұл елді мекендерде шамамен 2 500 адам тұрады, олардың басым бөлігі – этникалық қырғыздар. Жергілікті билік тұрғындарды тіркеуден өткізіп, содан кейін олар ресми түрде Қырғызстан азаматтығын алады.

Өз кезегінде қырғыз жағы Өзбекстанға шекара маңындағы аумағы тең жер телімдерін берді. Сонымен қатар, Ташкент пен Бішкек жаңа инфрақұрылым салу үшін 236 гектар аумақпен алмасты.

Бұл қадам Сай мен Таян ауылдарының арасын тікелей жалғайтын жаңа автомобиль жолын салуға мүмкіндік береді. Жаңа жол Баткен облысындағы көп жылдық логистикалық мәселені шешеді деп күтілуде. Соның нәтижесінде Айдаркеннен Баткенге дейінгі жол қазіргі айналма 225 шақырымның орнына 55 шақырымға дейін қысқарады.

Ұқсас ақпараттар