ІІМ дрон операторларын оқытып, әуеден әрекет етуге дайындайды

ҚР ІІМ-де дрон операторларын оқыту зертханасы ашылды. Ішкі істер органдарын жаңғырту мен цифрландыру үдерісі аясында полиция қызметкерлері ұшқышсыз авиациялық технологияларды белсенді түрде игеріп жатыр, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

ІІМ-нің жедел-криминалистикалық департаменті жанынан арнайы оқу-жаттығу зертханасы ашылып, онда тәртіп сақшылары дрондарды басқару бойынша кешенді дайындық жүріп жатқанын Polisia.kz мәлімдеді.

Оқу бағдарламасы бірнеше кезеңді қамтиды: алдымен теориялық білім беріледі, кейін арнайы симуляторларда машықтанып, компьютерлік тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Ерекше назар ұшқышсыз құрылғыларды нақты қызметтік міндеттерде тиімді қолдануға аударылады.

ІІМ жедел-криминалистикалық департаментінің бас криминалисі Роллан Молдыбаевтың айтуынша, бұл зертхана министр тапсырмасымен ашылған. Негізгі мақсат – заманауи технологияларды күнделікті жұмыста сенімді әрі нәтижелі пайдаланатын кәсіби мамандар даярлау.

Дрондар полиция қызметінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Олар әуеден бақылау жүргізуге, түнгі уақытта барлау жасауға мүмкіндік береді. Құрылғылар жоғары ажыратымдылықтағы камералармен және жылу анықтағыштармен жабдықталғандықтан, қараңғыда немесе қолайсыз ауа райында адамдарды іздеуді жеңілдетеді.

Ұқсас ақпараттар