Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан энергетикалық жүйе мәселелерін талқылады

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері Бішкек қаласында су-энергетикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша үшжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Кездесу барысында тараптар су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Олардың қатарында аймақтық энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, су ресурстарын ұтымды пайдалану және алдағы вегетациялық және күзгі-қысқы кезеңдерге арналған бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру мәселелері қаралды.

Келіссөзде Қазақстан делегациясын Энергетика вице-министрі Санжар Жәркешов басқарды.

Қатысушылар энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты диалог пен практикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөз барысында тараптар электр энергиясын жеткізу, энергетикалық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және су-энергетикалық режимдерді үйлестіру бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді бекітетін және болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын айқындайтын хаттамаға қол қойылды.

Құжат Орталық Азияның су-энергетикалық кешенінің тұрақты дамуын және өңірлік әріптестікті нығайтуды көздейді.

Ұқсас ақпараттар