Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Сенатының Маршалын қабылдады

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскамен кездесті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және қос елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланысты кеңейту мәселелері талқыланды.

– Әлемдегі экономикасы ірі елдердің жиырмалығына енетін Польшамен ықпалдастықты ілгерілетуге ерекше мән береміз. Мемлекеттеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бері шынайы достық байланыстар қалыптасты. Парламентаралық диалог жоспарлы әрі табысты түрде дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Әңгімелесу барысында тарихи тамырластыққа айрықша назар аударылды. Президент көрнекті поляк этнографы Адольф Янушкевичтің қазақ тарихын, тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, Польша Президенті Кароль Навроцкийге және Премьер-министр Дональд Тускке ыстық ықыласын жолдады.

Сондай-ақ Малгожата Кидава-Блоньска қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына шынайы ризашылығын білдірді.

Ұқсас ақпараттар