Қырғызстанда Тәшиев ісі бойынша сот қайтадан жабық өтуі мүмкін

Бішкектегі Бірінші май аудандық сотында өткен кезекті отырыс кезінде журналистердің көптігіне байланысты қиындықтар туындады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Процеске қатысушылардың айтуынша, БАҚ өкілдері айыпталушыларға тым жақын келіп, сот отырысының уақытында басталуына кедергі келтірген. Судья Азирет Медеров те жағдайға наразылық білдіріп, тіпті сот залына өзі әрең кіргенін айтты.

Осыған байланысты бірнеше адвокат сот процесін қайтадан жабық режимге ауыстыруды ұсынды. Отырыстан кейін судья журналистермен процесті жариялау тәртібін жеке талқылау туралы шешім қабылдады.

Еске салайық, іс бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Тәшиев және бірқатар экс-шенеуніктерге қатысты қозғалған. Олар билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр. Бұған дейін бұл істен құпиялылық мәртебесі алынып, журналистердің қатысуына рұқсат берілген болатын.

Ұқсас ақпараттар