Елдегі кәсіби мерекелер санын қайта қарау керек – Сергей Пономарёв

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёвтың сөзінше, елімізде 74 кәсіби мереке тойланады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Олардың 20 пайызы нақты мамандықтарға емес, жекелеген мемлекеттік органдарға арналған.

«Салдарынан кәсіби мерекенің бастапқы мәні біртіндеп жойылып барады. (…) Сондай-ақ мерекелердің бөлінуі де біркелкі емес. Қазан айының өзінде 15 кәсіби мереке бар, яғни іс жүзінде екі күнде бір мерекеден келеді. Мысалы, қазанда білім беру саласы қызметкерлері үшін үш бірдей дата көзделген: Жоғары білім беру қызметкерлері күні, Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні және Мұғалімдер күні», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы мәселеге байланысты Сергей Пономарёв бірқатар ұсыныс тастады.

«Үкіметтен нақты бір салалардың басымдығына негізделген кәсіби мерекелерді белгілеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Екіншіден, қолданыстағы кәсіби мерекелер тізбесін қайта қарап, бір сала аясында қайталанатын, ведомстволық және бейінді мерекелерді біріктіру қажет. Үшіншіден, кәсіби мерекелер тізбесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен емес, Үкімет қаулысымен бекітіп, оны кемінде екі жылда бір рет міндетті түрде жаңартып отыру сұралады», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Ұқсас ақпараттар