Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта Amanat партиясына қатысы жоқ және саясатпен айналыспайды

Нұрсұлтан Назарбаев Amanat партиясына қатысы жоқ және саясатпен айналыспайды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «Азаттыққа» берген пікірінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Ол экс-президенттің партия төңірегіндегі соңғы өзгерістерге қатысы бар деген әңгімелерге түсініктеме берді.

Үкібайдың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін 2019 жылы тоқтатқан және қазір зейнеткер ретінде өмір сүріп жатыр.

«Нұрсұлтан Әбішұлының партияға қандай қатысы бар? Ол 2019 жылы-ақ президенттік өкілеттігін тоқтатқан», — деді баспасөз хатшысы.

Еске салайық, Назарбаев Қазақстанды шамамен 30 жыл басқарды және кейіннен Amanat болып өзгертілген Нұр Отан партиясының негізін қалаған. 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және партия жетекшісі қызметтерінен де кеткен болатын.

Бұған дейін бірқатар БАҚ-та Amanat партиясы мен Әділет партиясының ықтимал бірігуі талқыланып жатқаны туралы ақпарат тараған еді.

Ұқсас ақпараттар