Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян армян ауыл шаруашылық өнімдері Еуроодақ нарығына салықсыз экспортталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Оның сөзінше, ЕО елдері Армения үшін жаңа экспорттық бағытқа айналып барады. Ол сонымен бірге Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен телефон әңгімеде Ереванға 50 млн еуро көлемінде жедел көмек бөлінетінін растағанын жеткізді.
Премьердің сөзінше, бұл қаражат Ресейге ауыл шаруашылық және өзге де өнімдерді экспорттау мәселесі туындаған шақта өнім өндірушілерді қолдауға жұмсалмақ.
Мәскеу мен Ереван арасы кейінгі айларда айтарлықтай нашарлады. Ресей Пашинян үкіметін батысшыл бағыты үшін айыптады. Ал Армения Еуроодақпен қарым-қатынасын нығайтқан.
Ресей билігі Армения импорттайтын бірқатар тауарға, атап айтқанда, гүл, минералды су, көкөніс, жеміс, балық өнімдеріне шектеу қойды.


