Астанада екінші әуежай салынуы мүмкін орын анықталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Астана мәслихатының депутаттары қаланың бас жоспарына енгізілген өзгерістерді бекітіп, жаңа әуежай құрылысына ең қолайлы деп саналатын аумақты белгіледі.
Бас жоспарға енгізілген түзетулерде Астанаға болашақта қалаға келетін туристер саны арта түсетініне байланысты екінші әуежай қажет болатыны айтылған. Сарапшылар ұшақтардың қозғалысына кедергі келтірмейтін, әрі жету ыңғайлы болатын аумақтарды іздестірген.
Нәтижесінде ең қолайлы нұсқа ретінде елордадан солтүстік-батыс бағытта орналасқан, Шортанды ауылы бағытында, Астана–Көкшетау тасжолының бойындағы аумақ таңдалды.
Ұсынылып отырған аумақ Астана қаласының шекарасынан шамамен 48 шақырым, ал «Нұрлы жол» вокзалынан 73 шақырым қашықтықта орналасқан. Жолға жұмсалатын уақыт пен күту уақытын ескере отырып, сапарға орта есеппен екіден екі жарым сағатқа дейін уақыт кетуі мүмкін деп жоспарлануда.


