Қазақстан су тапшылығы мен құрғақшылықтың салдарын азайту үшін жасанды жаңбыр шақыру технологиясын енгізуді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Алғашқы пилоттық жобалар Түркістан облысында қолға алынған. Бұл бастамаға кейбір сарапшылар оң баға беріп, оны климаттық қиындықтарға қарсы құрал ретінде бағалауда.
Алайда көрші Қырғызстанда бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Ақылбек Жапаров атмосфералық процестерге араласудың аймақтық экожүйеге әсері болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, жауын-шашынға ықпал ететін технологияларды кеңінен қолдану мұздықтар, өзендер және жалпы су балансына ұзақ мерзімді әсер етуі ықтимал.
Қазір әлемнің бірнеше елі, соның ішінде Қытай мен Таяу Шығыс мемлекеттері бұл технологияны пайдаланып келеді. Дегенмен мамандар оның нақты тиімділігі мен трансшекаралық әсері жөнінде ғылыми зерттеулер жалғасып жатқанын айтады. Сондықтан Орталық Азияда жасанды жаңбыр технологиясы тек экологиялық емес, геосаяси талқылаудың да тақырыбына айнала бастады.


