Елімізде бес жылда 1,2 мыңнан астам мектеп салынды

Білім беру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2020 жылдан бері елімізде 1,2 мыңнан астам мектеп салынды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Нәтижесінде 1 млн-нан астам жаңа оқушы орны ашылды, бұл үш ауысымды мектептер санын төрт есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл тағы 53 мың орынға арналған 96 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қолданыстағы мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр: алдағы үш жыл ішінде 1,3 мың мектепті жаңарту көзделген, оның 820-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. 2025 жылдан бері 215 мектеп жаңартылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында пәндік кабинеттер, асханалар, спорт залдары және қауіпсіздік жүйелері толық ауыстырылуда.

Білім беру мазмұны да заман талабына сай жетілдірілуде. Оқу үдерісіне цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, пәндік дайындық күшейтілуде, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған бейімделген бағдарламалар дамытылуда. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл оқу орындарында әрбір оқушының қабілетін ашуға мүмкіндік беретін қолайлы әрі қолдаушы орта қалыптастыруға жол ашады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім беру жүйесіндегі маңызды кезең болып қала береді. Дәл осы кезеңде баланың тұлғалық дамуының негізі қаланып, қарым-қатынас дағыдылары қалыптасады және мектепке дайындық жүргізіледі. Осыған байланысты мемлекет балабақшалар мен мектепалды даярлыққа қолжетімділікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы – мемлекеттік, ал 6,6 мыңы –  жекеменшік ұйымдар. Мұнда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленуде, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70,9%-ға жетсе, кезекте тұрған балалар арасында бұл көрсеткіш 96%-ды құрайды.

Ұқсас ақпараттар