Қазақстанда мұғалімдерге сыйлық беруге қатысты ережелер қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер министрден мектеп бітіру кештеріне қатысты қандай талаптар жеңілдетілуі ықтимал екенін сұраған.
Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін мұғалімдерге сыйлық ұсыну мәселесіне қатысты белгілі бір шектеулер енгізілгенін еске салып, қазір кейбір нормаларды қайта қарауға мүмкіндік бар екенін айтты.
Министрдің сөзінше, егер өзгеріс енгізілсе, ол тек мұғалімдерге гүл сыйлауға қатысты болуы мүмкін.
— Бұл мәселені қарастыруға болады. Бірақ әңгіме тек гүл сыйлау туралы болуы ықтимал, — деді министр.
Айта кетейік, соңғы жылдары мектептерде мұғалімдерге қымбат сыйлықтар беру, ақша жинау және салтанатты шараларға артық шығын шығару мәселесі қоғамда жиі талқыланып келеді.


