Ақ үй маңында атыс болды: күдікті оққа ұшып, бір адам жараланды

Вашингтонда Ақ үй маңында қарулы оқиға болып, шабуыл жасаған күдікті қаза тапты. Сонымен қатар, тағы бір адам жараланған, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

АҚШ құпия қызметінің мәліметінше, белгісіз ер адам Ақ үй қоршауына жақындап, сөмкесінен қару шығарған. Осыдан кейін ол қауіпсіздік қызметкерлеріне қарай оқ атқан. Құпия қызмет өкілдері жауап ретінде қару қолданып, күдіктіні жаралаған.

Кейін ер адам ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. Әзірге шабуыл жасаған адамның кім екені ресми түрде жарияланған жоқ.

Оқиға кезінде көшеде кетіп бара жатқан тағы бір адам жарақат алған. Оның қазіргі жағдайы туралы ақпарат берілмеді. Ал құпия қызмет қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ.

Атыс сәті ABC телеарнасының тікелей эфирі кезінде естілген. Сол уақытта тілші Селина Ван Ақ үй аумағынан репортаж жасап тұрған. Оның айтуынша, бірнеше мәрте оқ атылған дыбыс естілгеннен кейін журналистер қауіпсіз жерге көшірілген.

Ақпаратқа сәйкес, оқиға кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде болған. Алайда атыс президент жұмысына әсер етпеген.

Ұқсас ақпараттар