Қарағанды облысының прокуратурасы тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қолжетімді медицина» атты жаңа әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Пилоттық жоба халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді күшейтуге және емханалардағы ұзын-сонар кезек мәселесін азайтуға бағытталған.
Жоба аясында медициналық ұйымдарға «Онлайн-кезек» цифрлық механизмі енгізілді. Жаңа жүйе пациенттер ағынын тиімді басқаруға, қабылдау уақыты туралы ақпаратты онлайн көруге және қашықтан кезекке жазылуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жоба пилоттық режимде Қарағанды қаласындағы №15, №2, №4 емханалар мен Студенттік емханада іске қосылған. Жүйе «ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС және «Damumed» қосымшасын әзірлеушілермен бірлесіп енгізілген.
Енді тұрғындар «Damumed» мобильді қосымшасындағы «Менің емханам» бөлімі арқылы онлайн-кезекке тұра алады.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, алдағы уақытта аталған тетік қаладағы өзге де емханаларға кезең-кезеңімен енгізіледі.


