Астанада күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты өтеді

Біріккен күрес әлемі ұйымы (UWW) 2026 жылғы күрес түрлерінен әлем чемпионатын өткізетін қала ретінде Астананы ресми түрде бекітті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Шешім ұйымның Атқарушы комитеті отырысында қабылданған. Жиын барысында халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға әсер етіп отырған қазіргі геосаяси жағдай мен логистикалық қиындықтар талқыланды.

Айта кетейік, бастапқыда әлем чемпионатын Бахрейн астанасы Манама қабылдауы тиіс болған. Алайда UWW мен Бахрейн күрес федерациясы турнирді басқа елге ауыстыру туралы ортақ шешімге келген.

Инспекциялық тексерулерден кейін халықаралық ұйым Қазақстанның инфрақұрылымы мен спорт нысандарының дайындығына жоғары баға беріп, әлем чемпионатын өткізу құқығын Астанаға тапсырды.

Дүбірлі дода елордадағы “Барыс Аренада” өтеді деп жоспарланып отыр. Бұған дейін Қазақстан астанасы 2019 жылы да күрес түрлерінен әлем чемпионатын сәтті қабылдаған еді.

Ұқсас ақпараттар