Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында ақын Жадыра Дәрібаева мемлекеттік награда — «Парасат» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Марапат Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен отандық әдебиет пен мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін табысталған.
Бүгін ақынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап арнайы құттықтап, оның қазақ әдебиетін дамытудағы, рухани құндылықтарды насихаттаудағы және ұлттық мәдени мұраны дәріптеудегі еңбегін ерекше атап өтті.
Өз сөзінде Жадыра Дәрібаева Мемлекет басшысына шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға үшін алғыс айтып, мәдениет саласы өкілдеріне көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын жеткізді.
— Мәдениет пен әдебиетке көрсетілген құрмет — ұлттық руханиятты сақтауға және ұрпақ сабақтастығын нығайтуға үлкен серпін береді, — деді ақын.
Айта кетейік, «Парасат» ордені ғылым, әдебиет, мәдениет және өнер саласында ерекше еңбек сіңіріп, елдің рухани әрі зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қосқан азаматтарға беріледі.


