- Жетісу облысында прокуратура органдары жылдар бойы мақсатсыз пайдаланылып келген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Бас прокуратураның мәліметінше, Ескелді ауданында жүргізілген талдау барысында бірқатар жер учаскелерінің жалдау мерзімі аяқталғанына қарамастан, тиісті шаралар қабылданбағаны анықталған. Сондай-ақ жер пайдаланушылардан бюджетке міндетті төлемдерді өндіру мәселесі де назардан тыс қалған.
Соның салдарынан құнды ауыл шаруашылығы жерлері ұзақ уақыт бойы экономикалық айналымға тартылмай келген.
Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде жалпы аумағы 1000 гектар болатын жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған активтердің жалпы бағалау құны шамамен 25 млн теңгені құрайды.
Енді бұл жерлер өңір қажеттілігіне пайдаланылып, соның ішінде жайылым тапшылығы мәселесін шешуге бағытталмақ.
Облыс прокуратурасы жер ресурстарын тиімді пайдалану және заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын хабарлады.
