Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке қатысты жаңа амнистия пакеті қаралуда. Тиісті заң жобаларын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Ұсынылып отырған құжатқа сәйкес, амнистия бірқатар қылмыс санаттарына және әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысты қолданылуы мүмкін.
Жобаға сай, қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған азаматтар амнистия шеңберіне енуі ықтимал. Сонымен қатар, ауырлығы орташа қылмыс жасаған кейбір адамдар да қамтылуы мүмкін.
Алайда негізгі шарт — келтірілген залалдың болмауы немесе оның толық өтелуі, сондай-ақ азаматтық талаптардың қойылмауы.
Егер адам ауырлығы орташа қылмыс бойынша сотталған болса және мінез-құлқы теріс деп танылмаса, әрі жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған жағдайда, ол негізгі жазадан босатылуы мүмкін.
Ал кейбір жағдайларда өтелмеген жазаның мерзімі немесе мөлшері екі есеге дейін қысқартылуы қарастырылған.
Жобаға сәйкес, бірқатар ауыр қылмыс түрлері амнистияға ілікпейді. Олардың қатарында:
- сыбайлас жемқорлық қылмыстар;
- терроризм және экстремизмге қатысты істер;
- кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар;
- азаптау фактілері;
- қылмысты қайталап немесе ұйымдасқан түрде жасау;
- өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы;
- қасақана қылмыс жасап, жазасын өтеу кезінде қайта құқық бұзғандар;
- сырттай сотталған тұлғалар.
Сонымен қатар, әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша да жеңілдіктер ұсынылып отыр. Бұл жағдайда азаматтар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, сот орындаушылары, адвокаттар және қандас мәртебесі бар тұлғалар әкімшілік айыппұлдан босатылуы мүмкін.
Жоба қазіргі уақытта талқылау сатысында, түпкілікті шешім заң шығару процесі аяқталғаннан кейін қабылданады.
