Тоқаев Қызылордадағы ірі жобалар мен жол құрылысына назар аударды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарларын талқылады. Президентке қаңтар-сәуір айларындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер таныстырылды, деп хабарлайды Sayasatlive порталы.

Биыл облыста жалпы құны 1 триллион теңгені құрайтын 14 ірі жобаның құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, Қызылорда – Ақтөбе автожолын кеңейтудің алғашқы кезеңі қолға алынды. Ал Бейнеу – Сексеуіл тас жолының құрылысы жуырда басталады деп жоспарланып отыр.

Өңірді газдандыру жұмыстары да жалғасады. Жыл соңына дейін тағы 10 елді мекен көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың 85 пайызы газбен қамтылмақ.

Баспана мәселесін шешу мақсатында биыл кезекте тұрған азаматтарға 2400 пәтер беру көзделген. Бұдан бөлек, облыстағы 138 шақырым жол, көше және көпір өткелдері жөнделіп, жолдардың сапасын 95,5 пайызға дейін жақсарту жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңір экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық жағдайды жақсарту және ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

Ұқсас ақпараттар