Алматы облысындағы Алатау қаласында eVTOL үлгісіндегі әуе таксиінің алғашқы сынақ ұшуы өтті. Бұл — Орталық Азия аумағында жүзеге асқан алғашқы осындай технологиялық жоба, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Электр қуатымен қозғалатын аэротакси көлік кептелісін азайтып, қала мен туристік аймақтар арасындағы қатынасты әлдеқайда жылдам етуге бағытталған. Әуе көлігі бір рет қуатталған кезде 200 шақырымға дейін ұша алады және сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдық жинайды.
Заманауи аппарат бір пилот пен бес жолаушыны тасымалдауға бейімделген. Құрылғы 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған әрі атмосфераға зиянды қалдық шығармайды. Алғашқы сынақ ұшуы қауіпсіздік талаптарына сай жолаушыларсыз өткізілді.
Жоба таныстырылымында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл бастама Алатауды инновация мен цифрлық технологиялар орталығына айналдыру жоспарының бір бөлігі екенін атап өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, жобаға 250 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылған.
Әуе таксилеріне арналған арнайы вертипорттар салу да жоспарланған. Олар бизнес орталықтарының маңында, көлік тораптарында және ғимараттардың шатырында орналасуы мүмкін. Қазіргі уақытта алғашқы вертипорттың құрылысы басталып кеткен.
Алдағы уақытта Алатау, Алматы қаласы және облыстағы туристік бағыттарды әуе арқылы байланыстыратын жаңа маршруттар іске қосылмақ.

