Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қатысты жаңа балдық жүйе сынақ ретінде енгізіліп жатыр. Жүйе қазір Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тестіленуде, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Жаңа тәртіп бойынша жүргізуші бір күнтізбелік жыл ішінде 20 балл жинаса, ол 6 айға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұл жүйе жол қозғалысы ережесін тұрақты түрде бұзатындарды анықтау үшін енгізілмек.
Балдар әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ғана есептеледі. Яғни жүргізуші айыппұлмен келіспесе, оны сотта немесе заң аясында шағымдана алады.
Егер жүргізуші куәлігінен айырылса, 6 ай өткен соң құқықты қайта алу үшін жол ережесі бойынша емтиханды қайта тапсыру қажет болады.
Жүйе тек жүргізушілерге ғана емес, жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға да әсер етуі мүмкін. Егер ондай азаматтар да 20 балл жинаса, оларға жарты жыл бойы жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынуы ықтимал.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл шара жолдағы тәртіпті күшейтіп, қауіпті жүргізушілер санын азайтуға бағытталған.

