Тоқаев жануарлар туралы даулы заңға қол қойды: енді не өзгереді?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңға енгізілген өзгерістерге қол қойды. Қоғамда қызу талқыланған құжат енді үй жануарлары мен қаңғыбас ит-мысықтарға қатысты жаңа тәртіптерді бекітеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Жаңа заңға сәйкес, жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар жануарларды ұстау ережелерін өздері анықтай алады. Сонымен қатар қаңғыбас жануарлардың уақытша ұстау орындарында қанша уақыт болатыны да өңірлер деңгейінде белгіленбек.

Құжатта жануардың иесі бар екенін анықтайтын белгілер тізімі кеңейтілді. Енді тек чип немесе құжат емес, мойынбау, арнайы бирка және жануардың сыртқы келбеті де ескерілетін болады.

Сондай-ақ қолданыстағы қайтарымсыз аулау жүйесі сақталған. Алайда эвтаназия жасауға тек медициналық себеп болған жағдайда және ветеринардың ресми қорытындысымен ғана рұқсат берілетіні нақты жазылды.

Жануарларға қатысты жаңа өзгерістер қоғамда әртүрлі пікір туғызған. Бір тарап қаңғыбас иттердің көбейгеніне алаңдаса, енді бірі жануарларды қорғау мәселесін күшейтуді талап етіп келеді.

Ұқсас ақпараттар