Министр Алматыдағы әуежай төбесінен аққан суға қатысты түсініктеме берді

Алматы әуежайының төбесінен су ағуына қатысты Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пікір білдіріп, мәселені климаттың өзгеруімен байланыстырды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Министрдің айтуынша, қазір Алматыдағы жауын-шашынның сипаты өзгерген. Сол себепті тек әуежайда ғана емес, басқа да ғимараттарда су ағу жағдайлары тіркелген.

— Біз сол күні бірнеше нысанды аралап шықтық. Басқа ғимараттардан да су аққанын көрдік. Демек, құрылыс нормаларын қайта қарау керек сияқты. Климат өзгеріп жатыр, Алматыда жауын бұрынғыдай емес, басқаша жауа бастады, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Сондай-ақ министр Алматы әуежайына иелік ететін компания — Париж әуежайлары тобына қатысты арнайы тексеріс жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл жағдай халықаралық компанияның беделіне де әсер еткен.

Қазіргі таңда әуежай басшылығы су ағатын аймақтарға қосымша дренаж және су ағызу жүйелерін орнатуға міндеттеме алған. Жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Ұқсас ақпараттар