Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне байланысты қозғалған атышулы іс бойынша Бішкекте алдын ала сот тыңдауы өтті. Айыпталушылар қатарында елдің бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалары — экс-ҰҚМК төрағасы Камчыбек Тәшиев, бұрынғы бас прокурор Курманкул Зулушев, экс-спикер Нурланбек Шакиев және өзге де саясаткерлер бар, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Сот барысында айыпталушылардың адвокаттары тергеу изоляторында отырған азаматтарды үйқамаққа жіберуді сұрады. Сонымен қатар қСуоорғаушылар істегі құпия белгісін алып тастап, процесті ашық форматта өткізуді талап еткен. Алайда сот бұл өтініштердің ешқайсын қолдамады.
Алдын ала тыңдауға Камчыбек Тәшиев пен Бекболот Талгарбеков қатысқан жоқ. Қорғаушылардың сөзінше, заң бойынша бұл кезеңде айыпталушылардың сотқа келмеуіне рұқсат беріледі.
Келесі сот отырысы 21 мамырға жоспарланған.
Айта кетейік, Тәшиевке қатысты қылмыстық іс Қырғызстандағы ең резонансты саяси даулардың біріне айналды. Ол ақпан айында ҰҚМК басшысы қызметінен босатылып, артынша өзіне айып тағылған еді. Кейін оған елден шығуға тыйым салынып, іс сот қарауына жолданған.

