Қазақстанда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысуға өтінімдер қабылдана бастады, деп хабарлайды sayasatlive.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл байқаудың басты мақсаты — отбасылық құндылықтарды дәріптеп, әулеттің мерейін үстем ету. Додаға еңбекте, спортта, ғылым мен өнерде зор жетістікке жеткен, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген үлгілі отбасылар қатыса алады. Үміткерлерден өтінімдер 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өңірлік комиссияларда қабылданады.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Алдымен 15-30 маусым аралығында аудандық және қалалық деңгейде үздіктер іріктелсе, 30 маусымнан 15 шілдеге дейін облыстық және республикалық маңызы бар қалалар бойынша кезең өтеді.
Жарыс қорытындысы бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен оқ бойы озық шыққан 20 отбасына «Мерейлі отбасы» лауреаты атағы беріліп, салтанатты марапаттау рәсімі Астана қаласында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін бұл жобаға 20 мыңнан астам отбасы қатысып үлгерген. Биыл бағын сынағысы келетіндер толық ақпаратты +7 (7172) 74-10-52 немесе 74-01-62 телефондары арқылы біле алады.

