Солтүстік Корея (КХДР) өзінің Ата заңына түбегейлі өзгерістер енгізіп, Оңтүстікпен бірігу туралы барлық ұғымдардан бас тартты және ресми түрде «екі жаулас мемлекет» доктринасына көшті. Бұл туралы sayasatlive.kz The Korea Herald басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сеулдегі Бірігу министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында сарапшылар Пхеньянның бұл қадамын Корей түбегіндегі жаңа саяси шындықты заңдастыру деп бағалады.
Конституцияның преамбуласы мен негізгі мәтінінен «Отанды қайта біріктіру», «бейбіт бірігу» және «ұлы ұлттық бірлік» секілді терминдер толықтай жойылған. Оның орнына КНДР аумағы солтүстігінде Қытай және Ресеймен, ал оңтүстігінде Корея Республикасымен шектесетін дербес аймақ ретінде нақтыланды.
Жаңа конституцияның басты ерекшеліктері:
-
Ата заңның жаңа 89-бабында Ким Чен Ынның ядролық күштерге тікелей қолбасшылық ететіні және бұл билікті тиісті органдарға беруге құқылы екені алғаш рет нақты жазылды.
-
Мемлекеттік істер жөніндегі комиссия төрағасының мәртебесі күшейтіліп, ол ресми түрде «мемлекет басшысы» деп танылды. Енді бұл лауазым иерархия бойынша Жоғарғы халық жиналысынан жоғары тұрады.
-
Конституцияның ресми атауынан «социалистік» сөзі алынып тасталды, бұл Пхеньянның өзін қалыпты мемлекеттік субъект ретінде көрсетуге тырысуы деп бағалануда.
-
Елдің негізін қалаушы Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің жетістіктері туралы сілтемелердің бір бөлігі де мәтіннен жойылған.
Сарапшы Ли Юнг Чулдың пікірінше, Солтүстіктің бұл әрекеті «біз сіздердің жерлеріңізге көз алатпаймыз, бірақ бізге де тиіспеңіздер» деген нақты месседжді білдіреді. Сондай-ақ, конституцияда Оңтүстікке бағытталған анық жауласу сөздерінің жоқтығы болашақта екі елдің «бейбіт қатар өмір сүруіне» заңдық негіз қалауы мүмкін деген болжам бар.
Еске салайық, конституцияның бұл редакциясы 2026 жылдың наурыз айында өткен Жоғарғы халық жиналысының сессиясында қабылданған.

