Ер азаматтар ең көп шоғырланған өңірлер анықталды

Ертең еліміздегі 10 044 673 ер азамат Отан қорғаушылар күніне орай құттықтаулар қабылдайды. Мереке қарсаңында еліміздегі ерлер қауымының статистикалық портреті белгілі болды деп хабарлайды sayasatlive.kz Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйеніп.

Статистикаға сүйенсек, ерлер ең көп шоғырланған өңірлер ретінде Алматы қаласы мен Түркістан облысы көш бастап тұр. Бұл аймақтардың әрқайсысында 1,1 миллионнан астам ер адам тұрады. Сондай-ақ үздік төрттікке Алматы облысы (806,5 мың) мен Астана қаласы (785,4 мың) енді.

Елдегі ерлердің басым бөлігі, яғни 56,5%-ы 16 мен 60 жас аралығындағы азаматтар. Ал 15 жасқа дейінгі балалардың үлесі 30,2%-ды құраса, 61 жастан асқан қариялар 13,3%-ды еншілеп отыр. Қазақстандық ерлердің орташа жасы 31,1 жасты құрайды, ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы 72 жылдан асады.

Еңбек нарығында да ерлердің белсенділігі жоғары. Жұмыспен қамтылған 4,8 миллион адамның тең жартысынан астамы — ер азаматтар. Олар негізінен өнеркәсіп (16,5%), сауда (14%) және ауыл шаруашылығы (12,4%) салаларында тер төгеді. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің 54,7%-ын ерлер құрап отыр.

Еске салайық, елімізде ең көп жұмыс істейтін ер азаматтар 35-44 жас аралығындағылар болып шықты. Бұл санатта 1,4 миллион адам бар.

Ұқсас ақпараттар