28 сәуір күні еліміздің басым бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды sayasatlive.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, елордамыз Астанада түнде топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүреді. Ал Алматыда таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтілуде. Шымкентте де күн райы бұзылып, екпіні 20 м/с жететін жел соғады.
Еліміздің өзге өңірлеріндегі жағдай төмендегідей:
-
Солтүстік және Орталық: Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде 1-3 градусқа дейін үсік жүріп, тұман түседі. Кей жерлерде найзағай ойнап, жел күшейеді.
-
Шығыс: Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаңбыр соңы жылбысқы қарға ұласуы мүмкін. Сондай-ақ бұршақ жауып, дауыл тұруы ықтимал. Желдің екпіні 23 м/с жетеді.
-
Оңтүстік: Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында найзағай жарқылдап, қатты жел соғады. Қызылорда облысында шаңды дауыл көтеріледі деп болжануда.
-
Батыс: Маңғыстауда жаңбыр жауып, шаңды дауыл тұрады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында да найзағай мен екпінді жел күтіледі.
Төтенше жағдайлар министрлігі Абай, Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының кей аймақтарында өрт қаупі жоғары екенін ескертеді.

