Вашингтонда Трампқа оқ жаудырған күдікті Камала Харристің жақтасы болып шықты

Вашингтондағы «Washington Hilton» қонақүйінде өткен Ақ үй тілшілерінің дәстүрлі кешкі асында Дональд Трамп пен оның әкімшілігіне қарата оқ жаудырылды деп хабарлайды sayasatlive.kz CBS News пен Associated Press мәліметтеріне сілтеме жасап.

25 сәуірінде болған бұл оқиға америкалық қоғамдағы саяси өшпенділіктің шегіне жеткенін көрсетіп отыр. Қарулы шабуыл кезінде Құпия қызметтің бір агенті жараланғанымен, броньды кеудешенің арқасында аман қалды. Трамп пен вице-президент Джей Ди Вэнс зардап шеккен жоқ, алайда бұл оқиға АҚШ-тағы демократиялық институттардың қауіпсіздігіне қатысты үлкен сұрақ туғызды.

Қолға түскен 31 жастағы күдікті Коул Томас Алленнің жеке тұлғасы сарапшыларды таңғалдырып отыр. Ол бұрын-соңды қылмысқа қатысы жоқ, интеллектуалды ортада беделі жоғары маман. 2017 жылы Калифорния технологиялық институтын (Caltech) машина жасау саласы бойынша бітіріп, кейін компьютерлік ғылымдар магистрі дәрежесін алған Аллен Торранс қаласында мұғалім болып істеген. Тіпті 2024 жылдың желтоқсанында білім беру орталығында «Айдың үздік ұстазы» атағын иеленген. Осындай жоғары білімді, табысты азаматтың қару алып, саяси қадамға баруы — АҚШ-тағы радикалды көзқарастардың тіпті зиялы қауым арасына да терең бойлағанының белгісі.

Күдіктінің саяси ұстанымы бұл істің астарында нақты есеп барын аңғартады. Федералдық сайлау комиссиясының деректеріне сүйенсек, Аллен 2024 жылғы сайлау науқанында Камала Харристі қолдап, қаржылай қайырымдылық жасаған.

Ұсталғаннан кейін ол өзінің нысанасы Трамптың жеке басы емес, «әкімшілік шенеуніктері» болғанын мәлімдеген. Бұл оның жеке бастың араздығынан емес, қазіргі билік жүйесіне деген идеялық наразылықтан туындаған әрекет екенін көрсетеді. Саяси сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Америкадағы екі лагерь арасындағы текетірестің енді пікірталас деңгейінен асып, қарулы қақтығыстар фазасына өту қаупін тудырып отыр.

Еске салайық, Вашингтондағы салтанатты шара кезінде орын алған атыстан кейін елдегі қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді.

Коул Аллен қазіргі таңда федералдық баптар бойынша айыпталып, қамауда отыр. Оның бұл әрекетіне қатысты сот процесі алдағы дүйсенбіде басталады деп күтілуде.

Ұқсас ақпараттар