Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанда жақын күндері ауа райы күрт құбылып, өңірлерде қатты жауын-шашын, дауыл мен үсік жүреді деп хабарлайды sayasatlive.kz «Қазгидромет» РМК мәліметіне сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, 26 сәуірде еліміздің бірқатар облысында жаңбырдың арты қарға ұласып, ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Әсіресе Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жауын-шашын мол болады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл аймақтарда желдің екпіні секундына 30 метрден асатын болса, күндіз найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы мүмкін.

Астана қаласында да қолайсыз ауа райы сақталады. 26 сәуірде елордада жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің жылдамдығы 23-28 м/с-қа дейін жетіп, түнде ауа температурасы 5-7 градусқа дейін күрт төмендейді.

Оңтүстік және шығыс аймақтарда да жағдай мәз емес. Қарағанды, Павлодар облыстарында жел күшейіп, шаңды дауыл мен жауын-шашын болады. Ал Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында сынап бағанасы түнде 2 градус үсікке дейін төмендейді. Түркістан мен Қызылорда облыстарында найзағай ойнап, шаңды дауыл тұруы ықтимал.

Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарында да тұман түсіп, найзағай болады деп болжануда. Ал Жетісу және Абай облыстарының кей жерлерінде өрт қаупі әлі де жоғары болып қала бермек.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер сәуір айының соңында еліміздің солтүстік өңірлерінде қайтадан қар жаууы мүмкін екенін ескерткен болатын. Мамандар азаматтарға алыс жолға шығарда абай болуды және техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады.

Ұқсас ақпараттар