Барлық банкке жарайтын QR-төлем жүйесі шілдеде іске қосылады

Қазақстанда шілде айынан бастап бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі жұмысын бастап, барлық банктер үшін оны қолдану міндетті болады деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифингте мәлім етті.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің барлығы дерлік бұл жүйеге қосылып қойған. Маусым айында соңғы техникалық жөндеу жұмыстары аяқталып, шілдеден бастап халық жаңа қызметтің игілігін көре алады. Осы аптада банк өкілдерімен арнайы кездесулер өтіп, құқықтық мәселелер толық шешілген.

«Қазір заңнамалық базадан бастап, бірыңғай жүйеге қосылу туралы келісімдерге дейін бәрі бекітілді. Енді тек техникалық түйткілдерді реттеу ғана қалды. Жазда бұл жобаны іс жүзінде асырамыз деп сенеміз», — деді бас банкир.

19 шілдеден бастап тиісті заң нормалары күшіне енбек. Бұл дегеніміз — кез келген банк үшін бірыңғай QR жүйесіне қатысу ерікті емес, міндетті талапқа айналады. Төраға бұл қадамның төлем қауіпсіздігі үшін маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Жүйе банктер арасында ақпарат алмасқанда жеке деректер мен қаржылық мәліметтердің сыртқа кетпеуін толық қамтамасыз етуі тиіс.

Сонымен қатар брифинг барысында Ұлттық банк басшысы еліміздегі базалық мөлшерлеменің алдағы уақытта біртіндеп төмендеуі мүмкін екенін де тілге тиек етті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы ірі банктердің әрқайсысы өз QR-жүйесін қолданып келген болатын. Жаңа жүйе енгізілген соң, тұтынушылар қай банктің картасын пайдаланса да, кез келген терминал арқылы кедергісіз төлем жасай алады.

Ұқсас ақпараттар