Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылында құтыру ауруының ошағы анықталды деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Жергілікті тұрғындардың бірі итінің мінез-құлқы өзгеріп, тым агрессивті бола бастағанын байқаған. Күдік туған соң бірден мамандарға жүгінген. Мамандар алған сараптама нәтижесі жануардан қауіпті инфекцияның белгілерін растап берді.
Осыған байланысты ауылда індеттің таралуын тоқтату үшін арнайы шектеу шаралары енгізілді. Енді қауіпті аймақ саналатын бұл елді мекенде ит пен мысық көрмелерін өткізуге, жануарларды саудалауға және оларды ауыл сыртына шығаруға уақытша тыйым салынады.
Мамандар қазіргі таңда сауықтыру жұмыстарын бастап кетті. Ошақ анықталған аумақта толықтай дезинфекция жүргізіліп, ауылдағы 45 үй жануарына алдын ала екпе салынды.
Еске салайық, құтыру — жануардан адамға жұғатын, жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті дерт. Мамандар жануарлардың мінез-құлқынан оғаштық байқалған жағдайда дер кезінде ветеринарларға хабарласуды сұрайды.






























