Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында (APLO-2026) қазақ тілі алғаш рет халықаралық деңгейдегі жұмыс тілі ретінде қолданылды, деп хабарлайды sayasatlive.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Биылғы білім додасында тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылардың платформасында қазақ тілінде жарияланды.
«Осылайша, қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті іс жүзінде дәлелденді» — дейді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
APLO-2026 олимпиадасына Қазақстан, Қытай, Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиланд сияқты елдерден 300-ге жуық дарынды оқушы қатысты. Ел намысын қорғаған 8 оқушы 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Сонымен қатар 4 қатысушы Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жеке есепте оралдық 12-сынып оқушысы Шыңғыс Қарасаев Азияның үздік қатысушылары арасында 9-орынға табан тіреп, алтын медальді қанжығасына байлады. Күміс жүлде астаналық Әмірбек Азатбековке бұйырса, қола медальді ақтаулық Рамазан Бутантаев пен қостанайлық Кирилл Тұрғымбаев иеленді. Командалық есепте Қазақстан құрамасы 8-орынға тұрақтады.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы бұл беделді олимпиадаға үшінші рет қатысып отыр. Зияткерлік жарыс дарынды жастарды анықтауға және оларды Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға даярлауға бағытталған.
































