Қазақстанда құтыру ауруының қаупі әлі де жоғары. 2025 жылы республика бойынша бұл дерттен үш адам көз жұмды, деп хабарлайды sayasatlive.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, құтыруды емдейтін дәрі жоқ, ол орталық нерв жүйесін зақымдап, соңы өлімге әкеледі. Сондықтан жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда алғашқы көмек көрсету ережелерін білу өте маңызды. Бірінші кезекте жараланған жерді 20% сабынды ерітіндімен молынан жуып, дереу травматологиялық пунктке жүгіну қажет. Құтыруға қарсы вакцина алу – өмірді сақтап қалудың жалғыз жолы. Екпе курсы тегін жүргізіледі.
Дерттің алдын алу үшін жабайы аңдармен байланысқа түспеу, үй жануарларына уақытылы екпе жасату және олардың мінез-құлқы өзгерсе, ветеринарға көрсету ұсынылады. Биылдың бірінші тоқсанында 14 мыңнан астам адам жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер тағайындалған емді өз бетінше тоқтату өте қауіпті екенін ескертеді.
Еске салайық, әлемде жыл сайын 55 мыңнан астам адам құтырудан қайтыс болады. Бұл ауру 150-ден астам елде кездеседі, сондықтан сақтық шараларын сақтау — денсаулықтың кепілі.
































