Әділетті Қазақстан үшін: жаңа «Әділет» партиясы құрылмақ

Қазақстанда жаңа саяси ұйым «Әділет» партиясын құру туралы бастама көтерілді. Бір топ қоғам белсенділері мен сарапшылар жаңа саяси күштің негізін қалау мақсатында бірігіп, Әділет министрлігіне ресми құжаттарын өткізуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Бастамашыл топтың айтуынша, партия «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына, заң үстемдігіне және мемлекеттік шешімдерді қабылдау процесіне азаматтарды кеңінен тарту идеясына негізделеді. Жаңа ұйым өз жұмысында әділдік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік пен прогресс принциптерін басты орынға қоймақ.

Партияның негізгі басымдықтары:

  • Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;

  • Әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктер теңдігін орнату;

  • Саяси жүйеге кландар мен аймақтық бөліністің әсерін жою;

  • Тәуелсіз әрі әділ сот және құқық қорғау жүйесін қалыптастыру.

Бүгін, 16 сәуірде бастамашыл топ Әділет министрлігіне партияны тіркеу рәсімін бастау туралы ресми өтініш жолдайды. Заңнамаға сәйкес, өтініш мақұлданғаннан кейін партияның құрылтай сиезін өткізу жоспарланып отыр. Онда ұйымның жарғысы, бағдарламасы мен басшылық құрамы нақтыланбақ.

Жаңа саяси бірлестіктің құрамында білім, бизнес, БАҚ және мемлекеттік басқару саласында танымал тұлғалар бар. Бастамашыл топ мүшелерінің толық тізімі төмендегідей:

Гүлзира Атабаева, Ренат Бектұров, Қарлығаш Жаманқұлова, Динара Зәкиева, Лаура Қарабасова, Рауан Кенжеханұлы, Замира Кузиева, Айғазы Құсайынов, Андрей Лаврентьев, Нұрбек Матжани, Бөріхан Нұрмұхамедов, Аят Сүгірбай, Мұхамедқали Тауан, Ирина Тен, Ләззат Шыңғысбаева және Марат Шибутов.

Сарапшылардың пікірінше, бұл топтың құрамы «Әділет» партиясының интеллектуалдық және ресурстық әлеуеті жоғары екенін аңғартады. Алдағы уақытта партияның елдің саяси аренасында қаншалықты салмақты орын алатыны ресми тіркеуден кейін белгілі болмақ.

Ұқсас ақпараттар