Қарағандыда 5 жыл бойы жасырын орында тығылып келген қылмыскер қолға түсті

Қарағанды облысында 5 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген 43 жастағы ер адам жекеменшік үйлердің бірінде жасырынып жатқан жерінен ұсталды деп хабарлайды sayasatlive.kz ІІМ-не сілтеме жасап.

Жедел уәкілдер арнайы операция кезінде үй ішінен арнайы жабдықталған құпия орынды тапқан. Күдікті осы уақытқа дейін сол жерде бой тасалап келіпті. Оған аса ауыр қылмыс жасады, атап айтқанда, қала тұрғынын қорқытып, күш қолдану арқылы 117 миллион теңге бопсалаған деген айып тағылып отыр.

Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, күдікті ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан қашып жүрген. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Еске салайық, бұған дейін елімізде халықаралық іздеуде жүрген бірнеше қылмыскердің шетелде құрықталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Құқық қорғау органдары аса ірі көлемде қаржы жымқырған және ауыр қылмыс жасаған тұлғаларды экстрадициялау бойынша жұмысты күшейтіп жатыр.

Ұқсас ақпараттар