Трамп: Қытай Иранға қару-жарақ жеткізбеуге уәде берді

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытай билігінің Иранға қару жібермеу туралы келісім бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды sayasaylive.kz.

Трамптың айтуынша, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесу барысында маңызды геосаяси мәселелер талқыланған. Президент Бейжіңнің Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының ашық әрі қауіпсіз болғанына мүдделі екенін және Иранға қару-жарақ тасымалдамауға уәде бергенін атап өтті. Айта кетерлігі, Қытай тарапы Трамптың бұл мәлімдемесін әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Бұған дейін америкалық БАҚ-та Қытайдың Иранға зениттік зымыран кешендерін жеткізуді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Тіпті, Бейжің бұл тасымалды жасыру үшін үшінші елдерді делдал ретінде пайдалануы мүмкін деген болжамдар айтылды. АҚШ Президенті егер мұндай жеткізілімдер расталса, Қытайды «біраз қиындықтар» күтіп тұрғанын қатаң ескертті.

Вашингтондағы Қытай елшілігі бұл қауесеттерді жоққа шығарып, ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Дегенмен, АҚШ әкімшілігі Қытайдың Иранның зымыран бағдарламасына бұрыннан көмектесіп келе жатқанына сенімді.

Алдағы 14-15 мамыр күндері Дональд Трамп ұлы Эрикпен бірге Қытайға ресми сапармен баруды жоспарлап отыр. Президент Си Цзиньпиннің оны жылы қабылдап, екі ел арасындағы түйткілді мәселелердің оң шешілетініне үмітті екенін жеткізді.

Ұқсас ақпараттар