Жүргізуші куәлігін алу жеңілдейді

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын емтихан ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілмек. Ең басты жаңалық — енді азаматтар сынақты неше рет тапсырам десе де өздері біледі, деп хабарлайды sayasatlive.kz Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі жаңа ережелерді бірлесіп пысықтап жатыр. Жаңашылдыққа сәйкес, емтихан тапсыру әрекеттеріне қойылған бұрынғы шектеу толығымен алынып тасталады. Сондай-ақ болашақ жүргізушілер уақыт жоғалтпас үшін практикалық сынақты ақылы түрде әр 10 күн сайын қайта тапсыра алады. Ал ақша төлегісі келмейтіндер үшін тегін қайта тапсыру құқығы сақталады, ол үшін әдеттегідей 30 күн күту қажет болады.

Бұдан бөлек, емтихан қабылдау процесі барынша цифрландырылады. Ведомство мамандары адам факторын азайтып, жемқорлықты болдырмау үшін сынақ қабылдауды толықтай автоматтандыру жағын қарастырып жатыр.

Еске салайық, құзырлы орган бұл өзгерістердің басты мақсаты — болашақ жүргізушілердің көлік басқару дағдысын әділ бағалау, баршаға тең жағдай жасау және жүйедегі заң бұзушылықтарға жол бермеу екенін атап өтті.

Ұқсас ақпараттар