ІІМ ЖИ арқылы жасалатын жаңа алаяқтық туралы ескертті

Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері таралып жатқанын хабарлады деп хабарлайды sayasatlive.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаскөйлер өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе банк мамандары ретінде көрсету үшін ЖИ мүмкіндіктерін пайдаланып, жалған суреттер, аудио және бейнематериалдар дайындайды.

Атап айтқанда, алаяқтар бейнеқоңырау арқылы хабарласып, «дипфейк» технологиясымен өздерінің бет-әлпеті мен дауысын полиция немесе ҰҚК өкіліне ұқсатып өзгертіп алады. Олар «ақшаңызды ұрлап жатыр» деген сылтаумен азаматтарды қаражатты шұғыл түрде «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді.

Сонымен қатар, ресми құжаттарға ұқсас жалған файлдарды жіберу және автоматтандырылған чат-боттар арқылы сенімге кіру фактілері де жиілеген. ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржановтың айтуынша, нағыз құқық қорғау органдары немесе банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейді.

Еске салайық, бұған дейін мамандар бейтаныс нөмірлерден келген сілтемелерді баспауға және жеке деректерді ешкімге бермеуге кеңес берген болатын. Алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз, дереу полицияға хабарлау қажет.