Қазақстанда құны 29 миллиард теңге болатын 34 есірткі зертханасы жойылды:

Қазақстандық полицейлер жыл басынан бері «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында 34 жасырын есірткі зертханасының күлін көкке ұшырды деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жойылған нысандардың 10-ы синтетикалық есірткі өндіруге машықтанса, 24-і фитозертхана болып шыққан. Мәселен, Талдықорғанда шетелдіктер бірден екі зертхана ашып, ісін дөңгелетпек болған. Тінту кезінде барлық жабдықтар, реагенттер мен дайын өнімдер тәркіленді. Күдіктілер өз әрекеттерін DarkNet желісі арқылы жасырын басқарып отырған.

Жалпы, заңсыз айналымнан үш тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 840 килограмм «синтетика» алынды. Бұл шамамен 3 миллионнан астам бір реттік дозаға тең. Осылайша, полицейлер есірткі бизнесіне 29 миллиард теңгеден астам шығын келтірді. Сонымен қатар 11 тонна прекурсордың жолы кесілді.

Есірткі саудасына қарсы күрес тек тәркілеумен шектелмей, олардың қаржылық арналарын бұғаттаумен де жалғасуда.

«Шамамен 6 мың қазақстандық және 108 мың шетелдік карт-шот бұғатталып, олар бойынша барлық транзакция түріне шектеу қойылды. 93 миллион теңге көлеміндегі қаражат тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.