Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу мерзімін жариялады. Маңызды саяси науқан биылғы тамыз айына жоспарланған деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде мәлімдеді.
Конституция күшіне енген сәттен бастап сайлау өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қойылады. Мемлекет басшысы бұл шешімді ерте хабарлаудың себебін партиялардың дайындыққа жеткілікті уақыт алуымен түсіндірді. Осылайша, саяси ұйымдарға сайлаушылармен жұмыс істеу үшін бес айға жуық уақыт берілмек.
«Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл қадамдардың елдегі демократиялық үдерістерді жаңа белеске шығаратынына сенім білдірді.
Еске салайық, Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін реформалау аясында бір палаталы өкілді орган құру мәселесі бұған дейін де көтерілген болатын. Тамыздағы сайлау осы бағыттағы негізгі өзгерістердің бастауы болмақ.
































