Полиция мопед жүргізушілеріне жолда жүрудің маңызды ережелерін тағы бір мәрте еске салды. Енді көшеде еркін жүйткігісі келетіндер үшін заң талаптарын орындау – басты міндет деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, мопед тізгіндеушілер міндетті түрде тиісті санаттағы жүргізуші куәлігіне (A1, A немесе B) ие болуы керек. Бұл құжат жүргізушінің жол ережесін білетінін және көлікті басқаруға дайын екенін растайды. Сонымен қатар мопедті мемлекеттік тіркеуден өткізіп, нөмір алу және техникалық паспортты өзімен бірге алып жүру міндетті.
Жолдағы қауіпсіздікке қатысты қойылатын негізгі талаптар:
-
Жүргізуші мен жолаушы міндетті түрде мотошлем киюі тиіс;
-
Қозғалыс жолдың оң жақ жиегімен немесе велосипед жолағымен ғана жүзеге асырылуы керек;
-
Тротуармен жүруге қатаң тыйым салынады, бұл аймақ тек жаяу жүргіншілерге арналған;
-
Рөлге мас күйде отыруға болмайды, бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Ережелерді сақтау тек айыппұлдан қашу емес, жол үстіндегі өміріңізді қорғаудың кепілі екенін естен шығармаған жөн.
Еске салайық, бұған дейін мопедтерді толыққанды көлік құралы ретінде тіркеу және оларды басқару үшін жүргізуші куәлігін талап ету туралы заңнамалық түзетулер талқыланған болатын. Енді бұл талаптарды орындамағандар заң алдында жауап береді.


